Арал аудандық орталық кітапханада, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,жерлес қаламгер Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойына арналып, «Әбдіжәміл – адамзат тарихының жаршысы» атты әдеби конференция ұйымдастырылды. Конференция аясында «Текті тұлға дара дарын», «Әдебиет әлемінің абызы», «Әлем мойындаған - Әбдіжәміл» тақырыбында баяндама жасалып, қазақ халқының заңғар жазушысы, әлем және ТМД елдеріне танымал қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақ PEN клубының негізін қалаушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің руханияттағы дара орны және оның әдеби дамуға қосқан үлесі кеңінен танытылды. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар сөз алып, көркем әдебиет пен жалпы адамзаттық мәдениетті жаңғыртудағы қазақ және Қазақстан әдебиетін Ә. Нұрпейісов шығармалары арқылы зерделеу, аталған тұлғаның адамзат өркениетіне сіңірген еңбегі жайлы кеңінен әңгімеледі. Конференция соңында «Толқында туған тарлан» атты кітап көрмесіне шолу беріліп, әдебиет әлемінің тұтас бір мектебіне айналған жарқын тұлға, абыз жазушы Ә. Нұрпейісовтің шығармалары насихатталды.