Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылған шаралар

Категория: Рухани жаңғыру Автор: Арал кітапханасы Просмотров: 821

Аудандық Орталық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын, «Туған жер» бағдарламасы аясында оқырман қауымға тарихы терең, қойнауы кең өлкеміздің тарихын, өркендеген өңірдегі өрелі істерін таныстыра отырып, өз елінің патриоты болуға, отаншылдық сезімі мен еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында «Сүйем сені, Атамекен, туған ел!» атты поэтикалық тарихи-танымдық кеш өткізілді.
Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Дәрменов, Аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері, АИТК, Арал көпсалалы колледжі мұғалімдері мен студенттері, мектеп оқушылары, оқушылар үйі қатысты. Қатысушылар саны -50 адам.

Шара барысында кітапханашылардан жасақталған «Жаңалықтар жаршысы» үгіт бригадасы Елбасы жолдауын, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында туған жердің тарихы мен ел есінде сақталған біртуар перзенттері: өлкеден шыққан батырлар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлерін насихаттау барысында өткізілген шараларға шолу жасап, қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы М.Өтегенова «Мәңгілік ел» көрме инсталяциясымен таныстырды. Аудандық мәдениет үйінің әншілері С.Дінжанова, Н.Сәрсенбаевалар әннен шашу шашты. Шараны қорытындылай келе кітапхана директоры Ж.Алишева кітапхана оқырманы, шығармашыл ақын-ұстаз Ш.Балманованы «Күміс қауырсын», тұрақты оқырман Т.Қуанышовты «Алтын формуляр» номинациясымен, сондай ақ, шараға белсенді атсалысқан мектеп мұғалімдері мен оқушыларды алғыс хаттарымен марапаттады.
Асқақ рухты, жерлес ақын Жарасқан Әбдірашовтың туғанына 70 жыл толуына орай, оқырмандарға туған даласын ерекше ақындық шабытпен жырлаған ақынның биік болмысын, парасат пайымын, ақындық деңгейін таныта отырып, жыр маржаны мен ғажайып сырға толы туындыларымен сусындату мақсатына Қалалық балалар кітапханасында «Жыры жайсаң Жарасқан» поэзия сағаты, Орталық балалар кітапханасында «Сырға толы сырлы ақын» поэзия кеші, Қалалық №1 кітапханада «Ақында сыр болмайды айтылмаған» әдеби кештер, т.б шаралар өткізілді.
Көрнекті қаламгер, эколог жазушы С.Жұбатыровтың 70 жасқа толуына орай жастардың өз еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімдерін,өлкеміздегі ақын-жазушыларымыздың шығармашылығына деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында Сексеуіл қыстақтық кітапханада «Арал деп соққан жүрегі» атты «Абыржы» кітабына талдау, Қалалық №4 кітапханада эколог жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының 70 жасқа толуына орай «Теңіз тектес туынды» кітапқа талдау, Қалалық №1 кітапханада «Тербетіп төл өнердің тал бесігін» атты әдеби кеш, т.б мәдени шаралар өткізілді.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап айтылған қазақ тілін латын қарпіне көшіруді насихаттау, маңыздылығын түсіндіру қоғамдық пікір қалыптастыру, латын әліпбиімен таныстыру мақсатында Жаңақұрлыс ауылдық кітапханасында «Латын әліпбиі – өркениетті әлемге апарар жол» таным сағаты, Қалалық №3 кітапханада «Латын әрпі-болашақтың бағдары» таным сағаты, Жақсықылыш қыстақтық кітапханада «Латын әліпбиі-ұлт болашағы» тренинг, т.б шаралар өткізілді.