Руханият орталығында "Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің" ұйымдастыруымен жерлесіміз, талантты ақын, айтыскер,ұстаз, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ЕРЖЕҢІС ТАСТЫБАЙҰЛЫНЫҢ шығармашылығына арналған "Ержеңіс - асыл өнердің алып нары" атты кездесу кеші өткізілді.
Өлең мен өмір, оқырман мен ақынның рухани байланысын нығайтқан тағылымды кешті "Amanat" партиясының Арал аудандық филиалының атқарушы хатшысы Т.Қанатов ашып, ақынға ыстық ықыласын жеткізіп, Арал ауданы әкімінің алғыс хаты мен сый - сыяпатын табыстады.
Кешті Арал аудандық мәдениет үйінің директоры А.Молжігітов жүргізді.
Нәзік лирикаға толы мазмұнымен бағалы кездесу кешінде Ержеңіс ақынның өлеңдері мен әні орындалып, сырлы сұқбатпен өрбіді.
Ақынның ерекше туындысы "Анаға сағыныш", "Ержеңістің ерекше есептері", "Мектебім-менің мақтаным", "Саусақ әліпбиі" жинақтары көпшіліктің көзайымына айналған шығармалар.
Айтыс өнерінде өзіндік орны бар, шығармашылығымен елдің жүрегінен жол тапқан Ержеңіс Тастыбайұлымен өткізілген кездесу кешіне арнайы ақынның туған жері Бөгеннен келген қонақтар, сыныптастары ақынның қарапайым, дара болмысы мен өскен ортасынан естеліктер айтып, кешті жалғады.
Бөген орта мектебінің талантты оқушылары арнау мен ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары жырдан шашу шашты. Аудандық мәдениет үйінің әншісі С.Дінжанова ақынның сөзі мен әніне жазылған "Кешіріңіздер" әнін орындады.
Кеш аясында ақын өз шығармашылығы жайлы ой бөлісіп, жүректен шыққан "Анаға сағыныш" туындысын орындап берді.
Талай мықтылар шыққан қасиетті Бөгеннің тумасы Ержеңіс ақынға арналған кездесу кеші мағыналы ойға, сырлы сұқбатқа, ұлт руханиятына қосар тағылымы мол болды.
Кеш соңында ақын бірнеше кітаптарын кітапханаға сыйға тарту етті.
Аралдық ақын, айтыскер, ұстаз, кештің қадірлі қонағы Ержеңіс Тастыбайұлына шалқар шабыт, шығармашылық жетістік тілейміз!





