Ұлттық кітап күні аясында «Жүз кітап — жүз қазына» жобасының кезекті «Жүз кітап: Руханиятқа жүз қадам» атты ерекше форматтағы жанды кітап кеші ұйымдастырылды. Шараға Арал индустриялды-техникалық колледжі, Жастар ресурстық орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы және З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.
Кештің басты ерекшелігі — қатысушылар оқыған туындыларын «жанды кітап» форматында таныстырды. Әр мекеме өкілдері таңдалған шығармаларды жай ғана баяндап қоймай, терең талдау жасап, арнайы қойылымдар мен мазмұнды шолулар арқылы автордың негізгі идеясын көрерменге жеткізді. Бұл басқосу мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлердің кітап оқу мәдениетіндегі жетістіктерін айқындап, оқуға деген құштарлықтың жаңа белесін көрсетті.
Шара соңында арнайы шақырылған тәуелсіз сарапшылар өздерінің қорытынды пікірлерін білдірді. Олар бұл бастаманың тек бір күндік науқан емес, қоғамның интеллектуалдық деңгейін көтеретін өміршең жоба екендігіне тоқталды. Әсіресе, түрлі сала мамандарының кітап оқудағы белсенділігі мен шығарманы сахна тілінде сөйлету шеберлігін жоғары бағалады.




