Жумыс уақыты

Пн - Вт: 9:00 - 19:00 | Сенбі, Жексенбі - демалыс

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тарихы

 

 

Арал аймағында бірінші рет Ұлы Октябрь революциясынан кейін алғашқы мәдени ағарту мекемелері ұйымдастырылып оқу үйлері жұмыс істеді.1928-30жылдары Бөген, Қаратерең, Авань, Сарбасат, Қамбаш және де басқада елді мекендерде оқу үйлері ашылып,оларды кітаптармен,газет-журналдарымен толықтырылды.

1940 жылдары   Арал ауданында жаңадан 5 көпшілік кітапхана ашылып,  ауданның балықшы-малшы еңбеккерлеріне қызмет көрсете бастады. 1950 жылдары кітапхана саны 14, ал 1970 жылдары-33, 1980 жылы-46, 1990-52, 2000 жыл-37, 2009 жылы-39 кітапханаға жетті. 1995 жылы нарықтық қатынастарға байланысты қаржынын жетіспеуінен 8 кітапхана,1996 жылы 9 кітапхана жабылды.

Қазір таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде-39 көпшілік кітапханалар кітапханалық қызмет көрсетіп отыр. Атап айтқанда-1 аудандық орталық кітапхана,1 аудандық орталық балалар кітапханасы, 3 қалалық кітапхана,1 қалалық балалар кітапханасы және 33 ауылдық кітапхана.

1980 жылы аудан кітапханалары орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болып қайта құрылған. Бұл бір орталықтан көпшілік кітапханалар жұмысына басшылық жасау,кітап қорын бір орталықтан толықтыру болса,осы мақсатта кітапхана жүйесінде біршама жақсы жұмыстар жүргізілген.

Оның айғағы аудандық орталық кітапхана базасында 1989 жылы облыстық көшпелі зерделі-кеңесі: «Республикадағы кітапхана ісін одан әрі дамыту» тақырыбында өткізілді,осы бағытта: «Қайта құру және кітапхана ісі проблемалар,ізденістер,шешімдер»

атты дөңгелек үстел ұйымдастырылған.  1991 жылы қазан айында облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен көшпелі зерделі-кеңес: «Балалар кітапханасының каталогі мен картотекасы,кітап қорымен жұмыс істеу,кітап қорының пайдалануын зерттеу» тақырыбында аудандық орталық Гайдар атындағы балалар кітапханасында өткізілген.

2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» болып жариялануына байланысты аудан көлесінде жабылған кейбір кітапханаларды ашу жөніндегі аудандық мәдениет бөлімнің ұсынысына орай аудан әкімінің 31.08.2000ж.№204 шешімімен Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң елді мекенінің кітапханасы,Сексеуіл қыстақ округіне қарасты Сексеуіл балалар кітапханасы қайта ашылды.

2002 жылы облыс әкімінің «Сыр мәдениеті-жаңа ғасырда», «Ауыл келбеті» бағдарламаларын басшылыққа ала отырып,Сапақ елді мекенінде жабылып қалған кітапхана қайта ашылып,тұрғындарға рухани қызмет көрсетуде.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 1980-1995 жылдар аралығында кітап қоры жүйелі түрде толықтырылып отырылды,нарықтық қатынастарға байланысты 1995-2000 жылдары республикалық бюджеттен кітап қоры толықтыруға қаржы бөлінбеді.

Кітапханаларының кітап қорын толықтырудың барлық мүмкіншіліктері республика көлемінде жүргізілді.

Аудандағы кітапхана тарихы сонау 1937-1940 жылдардан бастау алса,оның ұйымдастырушылары мен алғашқы меңгерушілері жорғарғы білімді мамандар Зинайда Попова, Лариса Платонова,Бекзия Өтепова болды. Кейін олардың бастаған ісін жалғастырушы марқұм Гүлжамила Жұлдызбаева 1964-1986 жылдар аралығында кітапханашы,1979 жылдан бастап орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болып қызмет атқарды.

1986- 2016  жылдар аралығында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің  директоры қызметін   Гүлжамиға Қаримолдақызы Ильясова басқарып,   кітапхана саласы, оның түр сипаты,құрылымының өзгеруіне айрықша мән беріп, абыройлы еңбек етті.

2016 жылдан бастап  «Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі»КММ директоры Алишева Жанар Ақылжанқызы басқарып ,  осы таңға дейін жемісті , жеңісті қызмет атқаруда. Осы жылдардан бастап кітапханалар заманауи құрал- жабдықтармен жабдықталып, кітапхананың  оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында жоғары деңгейде , түрлі форматтағы  аудан көлемінде мәдени шаралар өткізіліп, кітапханашылардың оқырманмен тығыз байланыс жасауына әдістемелік көмектер көптеп беріліп, кәсіби даму бағытында республикалық, облыстық байқауларға қатысуына ықпал жасалды.

Кітапханашылар жаңа технологияларды игерген компьютер маманына айналды, болашаққа жаңа міндеттер мен талаптар қойылды. Дәстүрлі оқумен қатар жаңа технологиялар игеру негізіндегі жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Кітапхана ақпарат орталығы ретінде  дәстүрлі құндылықтармен қатар  қазіргі таңда заманауи кітапханалар қызметін  жаңа технологиялар негізінде түрлендірді. Кітапханалар интернет жүйесіне қосылды.  Оқырмандар  ғаламторда еркін шарлап, салалық, сапалық қызмет бойынша ерекше басымдықтарға ие болып отыр . Кітапханалар алдында тұрған қазіргі таңдағы басты міндет- дәстүрлі ақпараттармен қамтамасыз етумен қатар ақпараттық ресурстарды толығымен пайдалану, оқырманға барынша жайлы жағдай жасау.

Арал ауданында орналасқан, халыққа мәдени және рухани білім беретін , оқырмандарға  қызмет көрсететін  39   кітапхананың  2022 жыл бойынша жалпы  кітап қоры 610388 дана, оның мемлекеттік тілдегісі  373770 дана. Оқырмандар саны -36600.Жыл сайын кітапхана қоры  8000- ға жуық   жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырады.

Аудандық орталық кітапханамызда кітаптардың электронды нұсқалары цифрланып,  куер код «QR» арқылы сирек кездесетін кітаптар мен өлкеден шыққан ақын жазушылардың әдебиеттерін оқуға мүмкіндік жасалған. Оның негізінде оқырмандар іздеген кітаптарын онлайн түрде оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар тегін «Wi-fi» желісі, жоғары жылдамдықтағы интернет, заманауи компьютерлермен жабдықталған «Сoworking» орталығы жеке жұмыс аймағы ретінде оқырмандарға пайдалануға берілген. «Арал_ кітап» электронды веб- сайты құрылып, ақпараттар енгізілуде.

Заманауи кітапханалардың дамуының негізгі басымдылығы кітаптарды сандық форматқа енгізу жұмыстары 2013 жылдан бастап іске асырыла бастады. Арал ауданының тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты 576 дана кітап  сандық форматқа көшірілді, оның ішінде сирек кітаптар- 45 , өлкетану әдебиеттері 522 дана.

«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы бойынша жыл бойынша 175 дана кітап кітапхана қорына сыйға берілді, сонымен қатар жергілікті 10 автормен келісім шарттар жасалынды. Аудандық бюджеттен қаржы қаралып 2021 жылы  25 принтер, 13 ноутбок, 12 компютер жаңадан алынды.

Аудандық ОКЖ бойынша  8 коворкинг орталығы, 10 модульді кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетуде. Аудандағы барлық  кітапханалар адамдардың мәртебесі, лауазымына қарамастан   Арал  халқының рухани дамуына үлес қосып, аянбай  қызмет көрсетіп келеді.

Білім,білік, дағды алмасу жұмыстары, әртүрлі  конференциялар, байқаулар мен әдеби кештер, нәтижелі оқу эстафеталары мен челлендждер   жылдық жоспарға еніп ,мақсатты түрде жүргізілуде.

Бүгінгі заманның кітапхана ісіне жаңашылдық қажет екенін, оның жұмыс істеу форматын өзгерту арқылы халықты рухани, мәдени, әлеуметтік қажеттіліктерін табу, кітап оқуға тарту мақсатында Арал аудандық кітапхана жүйесі де жобаларды іске асыруды қолға алды.  «Бір өлке- бір тұлға,бір  кітап»  , «Библиотерапия: шексіз мүмкіндіктер әлеміне жол»   «Болашақты бағындырған Аралдық дарындылар» , «Бәрі осылай болған»стройтеллинг , «Бір оқырман, бір тұлға, бір нәтиже» жобалары, «Тоғызқұмалақ», «Шебер қолдар», «Арт дизайн», «Ұлағат», «Көркем сөз»,   «Ертегілер әлемі» қуыршақтар және «Сиқырлы қылқалам» жас суретшілер  үйірмелері жұмыс жасап келеді. «Сәукеле»жастар және «Сыр сандық» поэзия клубы, «Заңгер», «Руханият»кітапқұмарлар  клубының мүшелерінің  қатысуымен   «Kіtap Fest-2022» кітап фестифальі, «Кітап оқып жетістікке қадам бас»  челлендж  ұйымдастырылды.

Өлкетану- отан тарихының бастауы. Туған жер туралы қалам тербеп,жыр шумақтарын,зерттелген мақалаларын жазған Арал өңірінен шыққан азаматтарымыз көп. Арнайы елге ат басын тіреп ,кездесу кешіне келген   ақын- жазушылар  Қуаныш  Жиенбай, Мырзан Кенжебай, Талғат Тілеулесов, Толыбай Абылаев, Байнияз Тілепов, режиссер Оңталап Нұрмаханов, жазушы Шархан Қажығұл     кітапханада оқырмандармен кездесіп, тағылымды кештер өткізілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл « Балалар жылы» болып жарияланғаны кітапханашылар үшінде жағымды жаңалық, кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін үлкен қолдау болды. Арал қаласында орналасқан Орталық, Қалалық  балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Аудандық мәдениет орталығында  «Балалар жылының» ашылуына орай   «Балаларға базарлық» атты мерекелік кеш өткізілді.   Жыл басынан бері «Бала –өмір,бала- бақыт, бала нұр » семинар конференциясы және  «Сәлем, біз таланттарды іздейміз!» онлайн байқауы ,«Жақсы сөзбен жылынады жанымыз» тренинг, «Балаларға арналған кітап бақшасы » библио- экскурсия өткізіліп, « Әнші балапан» музыкалық байқауы ұйымдастырылып, жүлдегер бүлдіршіндер түрлі сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Қалалық балалар кітапханасының оқырманы Кеңшілікова Аяулым  Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған  “Сыр маржандары” атты буктрейлерге қатысып, бас жүлдені иеленді. Және облыстық кітапханаса ұйымдастырған “Қыран елім- Қазақстаным” атты патриоттық өлеңдер байқауына Аудандық орталық кітапхана оқырманы , Алтынбек Қыстаубаев қатысып, І дәрежелі дипломды иеленді және Қалалық балалар кітапханасының оқырманы Санақұлов Қасымхан ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды!

2022 жыл Балалар жылын қорытындылау мақсатында  Аудандық мәдениет орталығында балалар кітапханаларының ұйымдастыруымен « Балалар әлемі шақырады» библиофестиваль жоғары деңгейде өткізілді. Жыл бойына балалар кітапханаларында ұйымдастырылған түрлі мәдени шаралар мен байқауларға белсене атсалысқан жас оқырмандар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды.

Кітапханашы мамандығы үшін кәсіби біліммен қатар, жаңа техникалық құралдарды меңгеру, ақпараттық технологияның көмегімен жоғары сапалы ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету, оқырман сұранысын қанағаттандыру, кез-келген оқырман категориясымен жұмыс жүргізе алу, ұдайы өз білімін жетілдіріп отыру- бүгінгі заман талабы. Кітапханашылар  РАБИС,MS Word (Ворд), MS Excel (ексел), Power Point (пойер пойнт) тағы да басқа бағдарламаларымен қатар браузерлермен, іздестіру жүйесімен, әдістемелік құралдар  жасау, кітапшалар, жылнамалар жасауды жетік меңгеруде.

Жыл сайын  аудан кітапханашылары біліктілігі мен білімді, жан жақтылығымен көзге түсіп, түрлі жоғары дарежелі марапаттарды иеленуде.  Атап айтар болсақ , «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен –  кітапхана ардагерлері мен кітапханашылар марапатталды

Орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Құндызай Шалбаева Республикалық “Jana Kitaphana-2022″онлайн байқауында «Қазақстандағы балалар жылы» номинациясы бойынша  және Қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы Сейділдаева Гүлдана «Біздің кітапханаға қош келдіңіз!» номинациясы бойынша   «Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы» атағын жеңіп алды!

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастырған “Жыл кітапханашысы- 2022” облыстық байқауына Арал аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Шалбаева Құндызай қатысып, бас жүлде иегері атанды.

Аудандық ОКЖ ұжымы Арал қаласының 95 жылдық мерейтойына орай Қала әкімшілігі ұйымдастырған мекемеаралық байқауға қатысып, 12 мекеме арасынан үздік шығып, 2 орынмен марапатталды.  Аудандық орталық кітапхананың жас мамандары Арал аудандық Жастар ресурсы орталығының ұйымдастырған білімділер сайысы «АқылБатлға» қатысып 1 орынды жеңіп алды.

ХХІ ғасыр- бұл ақпараттық қоғам дәуірі , технологиялық мәдениет дәуірі , айналадағы дүниеге , кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Сапалы қызмет көрсету, жаңа технология, бағдарламаларды енгізу, кітапхана қорын насихаттау барысында алдағы  2023 жылдың басынан бері  Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі түрлі атаудағы , үлкен мақсатпен мәдени шараларды жоспарлап, жаңаша идеямен « Қонақжай кітапхана», «Мені оқы» , «Навигатор» кәсіптік бағдар беру  жобалары таңдалып, жұмыс жасауда. 2023 жылы  23 сәуір – «Дүниежүзілік кітап және  авторлық құқық»  күніне орай жоғары деңгейде «Кітап әлемінің сиқырлы түні» атты КІТАПХАНА ТҮНІ өткізілді.

Кітапхананың  жақсы  нәтижеге   жетіп, жоғары  деңгейге  көтерілуі  ондағы  кітапханашыларға тікелей байланысты . Осы орайда   Қазақстандық кітапхана одағының қолдауымен А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы   ұйымдастырған “Кітапханашыларға арналған медиа сауаттылық” вебинарлар циклына 8 кітапханашы 6 айлық курсқа белсенді қатысып,арнайы сертификаттарды иеленді. .

Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дәстүрлі құндылықтарды сақтау  жолында болашаққа нық қадаммен алға басқан үлкен ұжым. Кітапхана- ежелден келе жатқан білім ғибадатханасы деуге болады. Ауданымыздың  оқырманмен тығыз байланыста жұмыс жасайтын кітапханалары ғылым мен инновацияның жаңа деңгейіне жетіп, еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуына өз үлесін қоса бермек.

Яндекс.Метрика