Жақында Арал аудандық орталық кітапханада 24 қазан – кітапханашылар күніне орай ” Менің кітапханам- менің өмірім ” тақырыбында бенефис шоу өткізілді.
Шараға Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Махатов қатысып, мерекелік құттықтауын жолдады .
Биыл екінші рет аталып өтіп отырған мерейлі мереке қарсаңында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің тәжірибелі кітапханашысы Аликулова Мираш ” Қазақстанның құрметті кітапханашысы” төсбелгісімен марапатталса , бірқатар аудан кітапханашылары Қызылорда облысы әкімінің, Арал ауданы әкімінің және ҚР Ұлттық кітапханасының, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының және тағы басқа Алғыс хаттармен марапатталды.
Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін , ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы- кітапханашылар. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан –тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Осындай мәртебелі мамандықтың иесі , саналы ғұмырын туған жерінің мәдениетінің дамуына үлес қосып , 40 жыл еңбек етіп, білікті басшы болған Гүлжамиға Қаримолдақызы бенефис шоудың құрметті қонағы болып , “Еңбек даңқы” төсбелгісімен марапатталды.
Өзінің кәсіби маман ретінде жан – жақтылығын танытқан Гүлжамиға Қаримолдақызының іскерлігі, еңбек жолы кеш аясында кеңінен айтылып , сырлы сұхбат жүргізілді . Құрметті ардагер кітапханашы Гүлжамиға Қаримолдақызы – 1956 жылы 9 желтоқсанда Арал ауданы, Сайғонды ауыл кеңесіне қарасты Шижаға елді мекенінде туған. Ол Арал қаласындағы № 177 орта мектепте білім алды. 1973 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы мәдени – педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1977 жылы «Кітапхана ісі – библиография» мамандығы бойынша бітірді. Жас маман алғашқы еңбек жолын 1977 жылы қалалық М.Әуезов атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі болып бастады.Ал 1978 жылы аудандық орталық А.Гайдар атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі болды. 1986 жылдың 10 тамызынан бастап Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болып тағайындалған Гүлжамиға апай жылдар бойы төккен өлшеусіз тері ақталып, еліміз тәуелсіздік алған соң, 1996 жылы ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» меделімен,2013 жылы «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Арал аудандық кітапханалар саласында қызмет еткен, тәжірбиелі кітапханашы, білікті басшы Гүлжамиға Каримолдақызы 2016 жылдың желтоқсан айынан зейнеткерлік демалысқа шығып,әлі де өзінен кейінгілерге үлгі өнегесін көрсетіп жүр. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де апайдың мәдениет саласының дамуына қосқан еңбектері бағаланып, 2022 жылы «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды. Бенефис шоуда апаймен үзеңгілес болып, бірге қызмет еткен ардагер кітапханашылар төрден орын алып , өткен күнді еске алып, ақ тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар мерекелік кеш аясында кітапхана саласының ардагері , 86 жасқа толып отырған Баймаханова Қалампыр апа қонақта болып, ” Қазақстанның құрметті кітапханашысы ” төсбелгісімен марапатталды .
Тұңғыш рет өткізіліп отырған ” Менің кітапханам- менің өмірім” атты бенефис шоуда жас кітапханашылар өнер көрсетіп, ән айтып , би биледі.
Тағылым мен тәрбиеге толы кеш кітапханашы мамандығының өміршең екендігін, мәртебесінің биік , жан жақты, заманауи, ақпарат таратушы , сауатты маман екендігін тағы да бір дәріптеп , абыройын асқақтатты.
Күлмашова Гүлбану
Арал аудандық орталық кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі